среда, 5 декабря 2012 г.

Ақ қайың сыры


Әзина апай немересі Бақытпен жексенбі күндері «Жеңіс» совхозындағы шағын паркке барып қайтуды дағдысына айналдырғалы көп жылдар өтті. Немересі Бақыт әжесінің паркке не үшін баратынын сұрамайтын. Бірақ паркті қуана-қуана аралап жүріп, әртүрлі құстардың нәзік, әсем әндерін естіп, таза ауа жұтып қайтатын. «Әже, мына құстың аты не? Ана торғай неге көп шырылдайды?» - деп, айналасын бағдарлап, сауалдар қоятын-ды. Кәрі әже асықпай ойланып, дәлелді жауаптар беретін, себептерін айтатын. Сөйтіп, жексенбіден жексенбі өте беретін.
         Немересі Бақыт бірінші сыныпқа оқуға барса да, кәрі әже паркке баруын тоқтатқан емес. Бақыт әжесінен қалмауға тырысатын.
         - Әже, осы қайыңның жанында паркке келген сайын көп тұрамыз ғой? – деді немересі әжесінің бетіне қадала қарап. Әже сәл үнсіз, естімеген адамдай тұрып қалды. Көз алдына отты 1942 жылдың мамыр айы елестеді де, еріні қозғалып, естір-естілмес бір-екі ауыз сөз айтып, немересін бауырына жақынырақ қысты да:
         - О, құлыным, жарығым! Бұл жалғыз қайың маған ерекше ыстық. Оны ұлы атаң сәлім екеуіміз отырғызған едік. Жексенбі күндері осы осы атаңның ақ қайыңын көруге екеуіміз келіп жүрміз, бұрын, сен дүниеге келмегенде, өзім жалғыз келіп жүретін едім. Енді, міне, екеуіміз келіп жүрміз...
         - Атам өзі көруге келе ме?
         - Жоқ, құлыным! Атаң Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза болған. Одан көп жылдар өтті. Бірақ, «атаңның» ақ қайыңы туған жерден өзіне керекті нәрін алып, ұшқан құсқа пана, адамдарға көлеңке, жерге көрік беріп өсе бермек. Жасыл ағаш жанды адам сияқты, күту мен қамқорлықты қажет етеді. Мен осы ағашты қамқорлығыма алып күтудемін.
- Атам өзі ағаштарды өзі отырғызып кетті ме?
         - Олай емес, балам! Атаң екеуіміз бір-ақ қайың ағашын отырғызып, өсіргенбіз.
         - Онда мынау басқаларын кім өсірген?
         - Айтайын, құлыным! Әне анау екі түп жас қайыңды сенің әкең мен анаң өсірген.
         - Көрейікші, әже!
         - Жүре ғой!
         - Әкем мен анам неге екі ғана қайың өсірген, әже?
         - Екіден қайың өсіру «Жеңіс» жылынан кейін дәстүрге айналған. Жас жанұя құрған екі азамат бақытты өмірлері үшін, жанұя беріктілігі үшін екі қайыңнан отырғызатын болған. Міне, көріп тұрсың, қазір екі жүзден астам жас қайыңдар бой түзеп тұр. Ол екі жүзден астам жас  жанұя отау көтерді дегенді білдіреді, балам.
         Сендер бұл паркті әлі-ақ «Қайыңды парк» дейтін боласыңдар. Сендер сияқты балдырған балалар мұның әр ағашын күтіп, жақда суғарып, қамқорлыққа аласыңдар.
-         Әже, ертеең бізге каникул. Мен анаммен бірге Алматыға серуендеуге барамын. Сіз сонда менсіз де осы паркке келесіз бе?
-         Келем, құлыным, келем! Мұнда Сәлім атаңның ақ қайыңы бар. Оны көруге соңғы күндеріме дейін келеп, қамқорлыққа алып тұрамын.
Бақыт анасымен Алматыға жүргелі жатып:
-         Әже, хош болыңыз! – деді.
-         Хош, құлыным! Келші, бетіңнен сүйейін!
-         Әже, паркке баруыңды ұмытып кетіп жүрме, - деп Бақыт кетіп бара жатып, қолын бұлғады.
     Жексенбі күні Әзина қайыңды паркке жалғыз келді. Тік өскен қайың «алыстан мені көрдің бе?» дегендей, басқа қайыңдардан оқшау тұратын. Әже биік қайыңға басып иіп амандасып, маңдайын ағашқа сүйеді. Көзіне іркіліп жас келді, өзі қайыңмен жер үстінде айналып қозғалып бара жатқандай сезінді.
         «Ақ қайың мәңгілік махаббат пен сыйласудың куәгері тәрізді, әр кезде ағарып, шырынын бойына жинап тұрады. Махаббатпен қоса жырға қосылатыны да содан ба екен?» - деп, әже өзімен-өзі сөйлеп, қайыңды қолымен ұстады. Ақ қайың жер қозғалғандай теңселіп, әже құлағына таныс үн бергендей болды: «Сен жылама. Туған балаң, немерең бар. Менің өмірімді солар жалғастырады. Мен туған жердің топырағына өсіп, тамырымды тереңге беріп, берік тұрмын. Мен – мәңгілікпін», - деп, ақ қайың тынышталып, үнсіз мүлгіп, жапырағы болар-болмас қозғалып тұра берді. Әже де қозғалыссыз қайыңды ұстаған қалпында тұрып қалды, ана мен ақ қайың бір тұтас дүниеге айналғандай, берік тас болып жерге мықты бекінгендей болды...
         Бірақ, әже ақ қайыңға жексенбі күндері баруын тоқтатқан жоқ... 

Комментариев нет:

Отправить комментарий