среда, 5 декабря 2012 г.

Таспен атқанды аспен ат


Сарытау бойында, терең сай ойында бір сараң бай болыпты. Аттың дүбірі, иттің үргені, тірі жанның тықыры естілсе, құлағы елең етіп, ішкен асын тыға қоятын, көрсе де бермейтін, барды жоқ дейтін, сараңдықтың батпағына белшесінен батқан адам екен деседі.
         Бір күні кедей көршісі иікке бастырар дәні болмаған соң, байдан бір саптаяқ бидай сұрап келіпті. Сонда сараң бай:
-         Байғұс-ау, саптаяғын не, әйеліңді астаумен жібере қойшы, - депті.
Қуанған кедей алды-артына қарамай, үйіне қарай жүгіре басып, әйеліне астау беріп, байға жіберіпті.
-         Бай-аға! Сізге келіп тұрмын, - депті әйел, үлкен ағаш астаушасын қолтығына мықтап қысып, байға басын иіп.
Бай әйелге бақырая қарап:
-         Байыңа саптаяққа салып бермеген дән астауға салына қоймас, кет әрмен! – деп, әйелге артынан тас атыпты.
Күнді - ай, айды – жыл  жұтып, уақыт өте беріпті. Сараң бай кедейленіп, құлаң таза болыпты. Ал кедей болса, аз-маз егінін салып, өзіндік бидай жинап алыпты.
Бір күні шаруасы мүлде құлдыраған сараң бай әлгі әйелдің үйіне келіп, бір саптаяқ бидай сұрауға мәжбүр болыпты. Сонда әйел:
-         «Таспен атқанды аспен ат, егер оған көнбесе, мылтық ал да, бастан ат» деген осы екен-ау, -деп, бір астау бидай салып беріпті.

Комментариев нет:

Отправить комментарий