среда, 5 декабря 2012 г.

Тарих лебі


Екі адым ілгері.
Бір тарихшы айтыпты:
- Біз социализмде «бір адым ілгері, екі адым кейін» жүрдік, енді капитализмге көштік, сондықтан «екі адым ілгері, бір адым кейін» жүруіміз керек, - депті.

Мырзалар.
 - Социализм қазағы мен капитализм қазағының қандай айырмашылығы бар?, - деп сұрапты бір дос екінші досынан.
 - Социализмде қазақтар бірін-бірі «жолдастар» дейтін, ал капитализмде «мырзалар» деп атайтын болды, - депті досы.

Неге капитализмге келдік?
 Қазақстан социализмнен капитализмге неге көшті?, - деп сұрапты оқушы.
 - Себебі біз феодализмнен социализмге кеттік, онымыз тарихи қателік екен, сондықтан капитализмге көштік, - депті екінші оқушы.

«СОКП» құлауы.
 «СОКП» құруына үш себеп болды: СССР Конституциясының бесінші бабын жою бұл бірінші себеп, екіншісі  себеп - одақтағы бір партия болғандықтан,  үшіншісі - Партияның жоғарғы басшыларының бақталастығы. Сонымен, төменнен құрылып, жоғарыдан жойылған партия болды. «Балық басынан шіриді» деген осы. Партия басшылары нағыз коммунист емес, кездейсоқ үстемдікке келгендер еді. Сондықтан партия құрыды.

Социализм кімге жексұрын болды?
«Социализм бұхара халыққа жексұрын болған жоқ, ол оның аңсаған құты мен арманы еді. Социализм билікке құмартқандар үшін ғана жексұрын болды», - депті жұмысшы.

Қай формацияда?
 - Демократияның кең етек алып дамығаны қай формацияда?
 - Социализмде демократия қарапайым бұхараның арасында болды, ал жоғарғы басшылар демократияны бетке ұстап үстемдік құрды, ақырында өздерінің кім екендігін көрсетті. Ал капитализмде «демократия» жаңа түс, жаңа мазмұнын, жаңа әдіс алып, «бай байи берсін, кедей кедейлене берсін» деп үстемдік жүргізіп жатыр.

Төңкеріс.
- Революция жаңа дәуір, жаңа өзгеріс әкелетінің білеміз, ал қайта құруды революция деуге бола ма?
- Қайта құруды да революциялық процесс дегеніміз дұрыс, себебі социализм формациясынан капитализм формациясына көштік, оған көз жұмуға болмайды.

Қазақтар туралы
Қазақ халқының тілі, әдебиеті, мәдениеті, жазуы жоқ дегендер кеңестік түсініктегі адамдар. Шын тарихты білетіндер ешқашан да бұлай айтқан жоқ. Қазақтардың тарихы әлі талай-талай том болып жазылатынына мен сенемін.

Бірлік.
Бірлігі жоқ халық өзінің ұлттық қасиетін жояды. Тарихты оқысаңдар талай мысал келтіруге болады. Атамыз қазақ «бірлік бар жерде тірлік бар» деп бекер айтпаған.

Екі түрлі пікір.
Дәл бүгінгі таңда халық арасында екі түрлі пікір бар. Бірі капитализм мүддесін қорғау, екіншісі социализм мүддесін қорғау. Қайсысы дұрыс, қайсысы жеңеді дауласып керек емес. Өмір талабы өз қалаған пікірін көрсетер. Халық кім бастаса, соның соңынан жүре береді. Соның бірі өзіміз, өзім және тағы басқалары екендігі өтірік емес. Біз күшті тағдырға қарсы тұра алмаймыз. Көресің, көнесің, басыңды иесін, дәміңді татасың. Сабырлық жасасаң, өмірдің плюсін де, минусын да көресің.

Коммунизм неге құрылмады?
 - Біздің бұрынғы Одақта неге Коммунизм құрмаған?, - депті.
 - Одақтың барлық құрылыс материалдарын капитализмді құрушылар жекешелендіріп алыпты, - депті.

Қайда барамыз?
Социализмді құлатқан соң халық көсемдерге «қайда барамыз» деген сұрақтар қойды. Сонда:
 - Құқықтық мемлекет боламыз, - деді біреулері.
 - Жетілген социализм елін құрамыз, - деді екіншілері.
 - Халықтық социализм құрамыз, - деді үшіншілері.
Осылай саясаткер көсемдер өз пікірлерін ортаға салып жария етті. Ақырында, ашылған ауыз жұмылып, естір құлақ керең болып үнсіз қалдық та, Тәуелсіз капиталистік мемлекет құруға бетімізді берік бұрдық. Жаңа даму, жаңа қарым қатынас, жаңа нарық басталды. Халыққа мемлекеттік құрылыс қажет емес, әл- ауқаты қоқалып, жақсылық, молшылық болса болғаны.

Іскер басшы.
Қазақ халқын әрі қарай табанына басып, төбесіне отыру үшін Колбин іскерлік көрсетпек болды. Ол қандай іскерлік еді?
- Екі мың оныншы жылы әр қазаққа бастарына бір-бір үйден салдырып беремін. Бір жылда қазақша сөйлеуді үйренемін, - деп, теледидардың алдында қарық-қарық күлгенін көргенбіз. Бірақ артынан «Желтоқсан» уақиғасының құрбандары түсіне кіріп, шошынып оянып, «қарық-қарық» қарғаша күліп «қарқылдап» Мәскеуге ұшып кетті, онда өзі сияқты қарғалар бар еді.
«Іскер басшы» болу үшін адал жан болу қажет қой деймін.

Диалог.
- Геннадий Васиьевич, қазақ тілін үйренуді неден бастадыңыз?, - депті Михаил Горбачев.
- «Ұлтшылдар», «ұлтжандылар» деген сөздерден, депті Геннадий Васильевич.
- Неге?
- Өз қазағымызды басшы қоямыз деп, мені қуды емес пе, «ұлтшыл», «ұлтжанды» болмаса, мұндай уақиға болмайды ғой деп, - депті Г.В.
- Онда ОК-тің «ұлтшылдар» деген қаулысын шығарайық, сөйтіп оларды тұзаққа түсіруге жол саламыз, мәтінін дайында, - депті М. Горбачев.
Міне, ұлылардың қазақ халқына жапқан жаласы қандай еді.

М.Горбачевтан сұрапты.
М.Горбачевтан сұрапты:
- Американы қашан қуып жетеміз?, - деп.
- Американы қуып жету үшін үлкен экономикалық жоспар қажет емес, социализмді құлатсақ, онымен теңелеміз, - депті.
Тарих шындығы: социализмді құлатып, капитализмді қуып жеттік.

Не асырады?
 - В.Ленин үйінде не асырады?, - деп сұрапты Н.С. Хрущевтан.
 - Мысық асырады, - депті Н.С.Хрущев.
 - Сталин не асырады?
 - Ол Лениннің мысығын итше үруге үйретті, - депті Хрущев.
 - Сонда Хрущев не асырады?, - депті залдан.
 - Не асырады емес, не өсірді!, - депті залдан екінші дауыс.

«Лексиконымыздан»
 - Колхоздың мүлкін, малын неге талан-таражға салып жатырсыңдар, өкіл бауырым?, - депті колхозшы.
 - «Колхоз», «Совхоз» деген сөздерді күнделікті лексиконымыздан алып тастау үшін, - депті өкілі.

Социализм
- Өтіп кеткен Кеңес дәуірінде өтіп кеткен кезең не?
- Елеусіз өтіп кеткен социализм ғой, - депті.

Ел аузынан
Қазір халық арасында  көптеген әзіл-оспақтар жиі айтылып жүр. Аздап өңдеп мен де айтуды жөн көрдім. Әңгіме қойдың басы туралы. Қазақ қойдың басын  үлкен, силы, қадірлі адамдарға беретін. Ал социализм кезінде дүкендерде қойдың басы сатылатын. Осы кездегі кеңес үкіметін құрғандар мен басқарып тұрғандарға баспен байланысты әзіл сын айтылатын.
 В.Ленин қойдың басын миымен, тілімен түгел саттырды, себебі миыңды толтыр, тілінді жетілдір деді. Сталин тілсіз, бірақ миы бар бас сатқызды, себебі миың болсың, бірақ тіліңді тия жүр деді.  Н.Хрущев тұсында бас мисыз, бірақ тілмен сатылды, себебі миың болмасын, бірақ тілің орысша сайрап тұрсын деді. Л.Брежнев дәуірінде басты мисыз да, тілсіз де саттырды, тек бақырайған екі көзі болды, себебі көзің көргенге риза болып жүре бер деді. М. Горбачев  дәуірінде қайта құруда бастың керегі жоқ, аяқ-саяқ, мұрын-сұрын болса болды, әлемді кезіп босқын болып, халық еркін ойлаусыз жүре беретінің керіне келтіріп, өзі де халықтан бұрын тағын тастап, босып кетті.

Теоретикер диалогы.
- ХХ-шы ғасырдағы білетін «-измдеріміз»: марксизм-ленинизм, советтік социализм, қытайлық социализм, шведтік социализм, американдық капитализм, т.т.с.с., - депті бірінші теоретик.
- ХХІ-ші ғасырда қандай «-измдер» болмақшы?, - деп сұрапты екінші теоретик.
- Менінше, «Еуропалық капитализм», «Азиялық капитализм», «Қазақстандық капитализмдер» өріс алмақшы, - депті бірінші теоретик.

Жұмыссыздық.
- Капиталисттік Қазақстанда жұмыссыздықтың көбеюі неліктен?
- Оның себебі: бұрын «біреу барлығы үшін, барлығы біреу үшін» жұмыс істейтін, қазір әркім өзі үшін ғана жұмыс істейді, - депті.

Сайлау.
- Бұрынғы сайлау мен қазіргі сайлаудың айырмашылығы неде?
- Бұрынғы сайлауларда бастық болғандарды бастық бола бер деп дауыс беретін едік, енді бастық бола ғой деп дауыс береміз, - депті.

Жеделдету.
Социализмді қайта құруды жеделдетеміз деп капитализмге келдік. Енді нарықтық экономиканы жеделдетіп жатырмыз, империализмге көшіп кетіп жүрмейік, - депті.

«-Измсіз» болуға болмай ма?
-Социализмде баймыз дедік, капитализмде де баймыз дейміз, сонда осы «-измсіз» баюға болмай ма екен?, - депті.

Жаңа әдіс.
- Қайта құру дегеніміз не?
- Ел билеушілерді жаңартудың жаңаша әдісі, - депті.

Капитализмнің суреті:
а/ Бәрі жұмыс іздеумен жүр, бірақ ешкім жұмыс бермейді.
б/  Жоспар жоқ, әркім өз өлмес күнін көрумен шұғылданады.
в/ Тауар өндірмейді, бірақ базар толып тұр.
г/ Жұмыс орны табыла қалса пара сұрайды, бермесең жұмысқа алмайды.
д/ Жеке меншіктік кәсіпорын құрылса, жұмысқа өз туыстары мен жекжаттарын орналастырады.
е/ Көшеде қайыр сұраушылар үлкендер де, кішілер де қолын созады.
ж/ Жұмыс берушіге сын айтсаң, «жұмыстан қуамын» дейді.
з/ Кімнің ақшасы көп, сол ақылды.
и/ Кімде күш көп, сол көшеде төрелік көрсетеді.
к/ Бәрі қымбат, адам басы ғана арзан.

Әділ шешім
- Екі елге күдік тудырмас үшін Қара теңіз Флотын қалай бөлсек екен?, - дейді Украина президенті  Ресей президентіне.
Ресей президенті аз ойланып Қазақстан президентіне:
- Бізге әділ шешімін айтыңызшы, - дейді.
Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы:
- Біздің қазақ халқында бір ұлағатты сөз бар, ол, бір қойдың басын досқа бөлмей силайды. Енді тағы бір мағыналы сөз бір қойды бөле қырған жүнге жарымас дейді, сондықтан мен айтсам ең үлкеніміз ұлы орыс халқы ғой, «Қара теңіз Флоты» болмай-ақ, Ресейге берсек дер едім, - депті.
- Мына ой табылмайтын ақыл, адал шешім, ойлануға тұрарлық пікір екен, - депті Украина президенті.

Үміт күтпеңдер
Бұл сөзді тың және тыңайған жерлерді көтеруде Жалтыр станциясына келгенде коммунисттердің көсемі Н. Хрущев тыңға келген халықтарға митингте сөйлеген  сөзінен үзінді:  
         «... Жергілікті халықтардан үміт күтпеңдер. Қазақтар жаратылыстарында тоғышар, жалқау көрінеді. Өздерің қимылдаңдар. Жер иесі енді сендерсіңдер», -деген еді.
          Осы сөзді бірінші Одақ басшысы айтты дегенге төбе шашымыз тік тұрды. Масқараның тағы бірі  сонда, митингіде жиналғандардың арасындағы қазақтар да ду қол шапалақтапты.
          Бұл коммунисттредің ұлы миссионері Н.Хрущевтің қазақ ұлтының ар- намысына, ожданына, ұлттық мақтанышына кір жағып, аяққа таптау еді. Қандай тар ұғымдағы, өзімшіл, өркөкірек, ұр да соқ мінезді жан!
         Н.Хрущевтің бұдан да басқа масқаралық сөздері бар, бәрін айтқаным жоқ. Келесі ұрпақ талдап, әділ бағасын айтып, паш етер.
         Н.Хрущев «үміт күтпегенімен», мен қазағымнан үміт күтіп, қуанып, шаттанып, келешек қазақтікі деп толық сеніммен айта аламын.
         Қазағым, болма дұшпанға мазағым!

Екі әдіс
         Ресей патшалығының қазақтар туралы саясаты мен коммунисттердің саясаты астарлас, бірімен-бірі қабысып жатыр. Бірақ қазақты орыстандыру саясаты бір болғанымен, әдіс-тәсілдері екі түрлі болды.
         Патшалы Ресей әдісі «қазақтарды және басқа аз ұлттарды христиан дініне кіргізіп, орысша оқыту» болды. Сөйтіп, ұлт тілдерін жоюды түпкі мақсат етті.
         Коммунисттер патшалы Ресейден асып кетті, сан алуан әдіс тәсілдерді қолданды. Соның бірі дінге қарсы болып, тек орыс тілін оқытып, орыс тарихын оқытып, ұлт тілдерін жоюды түпкі мақсат тұтты. «Советтік тіл» деген ортақ тіл, ол тек «орыс тілі»  деп уағыздады, орыс тілі, орыс әдебиеті, орыс өнері ғана бар деді.
         Ұлттарды азайту мақсатында 1928-1933 жылдардағы «ашаршылықта» қазақтарды қырып берді. Қазақтар орыстарға сіңіп кету үшін «тың және тыңайған» жерді көтеру саясатын бастап,  миллиондаған орыстар мен украиндықтарды қазақ арасына көшірді, сөйтіп, қазақ мектептері құрып, орыс мектебі егемендік кезімізге дейін шарықтап өсті.
         Коммунисттік қоғамда ұлт жоқ, тек «советтік халық» бар деген бүркемелі орыстандыру саясатын  ұстады. Бұны Н.Хрущевтан соң Л. Брежнев те кемеліне келтіре дамытты. Қазақ тілін ұмытып, орыстана бастады. Міне, коммунисттердің сұрхиялық, өте нәзік, сырт көзбен қарағанда нанымды саясатының мәні осылай еді. Қазақтар, мұны ұмытуға болмайды, зерттеп оқып, үйреңіндер.

Киелі желтоқсан
Коммунисттік басшылардың ұлтты жаншып жоюдың, кемсітудің өрескел үлгісі Желтоқсан уақиғасына кейін анық көрінді. Бүкіл қазақ ұлтын «ұлтшылдар» деген айдар тағып, коммунисттік партияның ОК қаулысын шығарды. Бұл тарихи шындық, оны одақтың әр республикасына таратып, жабық партия жиналысына қазақ ұлтын масқаралайтын сөздер айтып, бір ұлтты бір ұлтқа айдап салу саясатына көшті. Бұл орыс ақсүйектерінің, миссионерлерінің ескі әдісі еді. Оны жаңа тәсілде қолданған.
         Г.В.Колбин мен сол кездегі Одақтағы ОК бас секретарі М.С. Горбачев,  секретарь М.С.Соломенцев, С.М. Мукашев, В.М. Мирошкин, З.К. Камалиденов және тағы басқалар «қазақ ұлтшылдығы» дегенді ұсынып, білек сыбана атакаға шыққанын бүкіл халық біледі. Бұл «көсемдер» билік үшін бүкіл қазақты қырып тастауға дайын еді.
         Осы көсемдермен ауыз жаласқан, олардың қол шоқпары болған, сыйлық пен атақ, орден мен медальдар алған  бір Қазақстанның өзінде үш мың бес жүз адамнан асқан шығар деймін. Себебі, бір Алматының өзінде мыңнан асқан бас кесерлер мен арандатушылар болған деп айтады халық.
         Ал басқа облыстарда, қалаларда, аудан орталықтарында 16 желтоқсан күндері не болғаның әлі ешкім айтқан жоқ. Жабулы қазан жабулы қалпында қайнап жатыр. Студент жастарды, оқушыларды жатақханадан, үйден шығармай, қорқытып ұстағанымызды неге айтпаймыз? Шын мәнінде, әр облыста, әр ауданда қазақ жастары Желтоқсан уақиғасын қолдап қана қойған жоқ, ат салысуға дайын тұрғаны бәрімізге айқын еді. «Көтеріл, қазақ!» дегенді күтіп тұрды.
         Сондықтан да, Желтоқсан уақиғасы революциялық толқу, демократиялық толқу, ұлт азаттығымыз бен тілегімізді тірілтудің толқуы екендігі анық.
         Желтоқсан егемендікке,  еркіндікке, қазақстандыққа әкелді. Тілімізді, дінімізді, ұлтымызды тірлікке келтірді. Келер ғасырдың қазағы неткен бақытты еді!

Зұлымдық
Одақ президенті бола тұра, М.С.Горбачев Алматыдағы Желтоқсандағы қанды қырғынға тікелей әмір берушінің өзі екендігі сол кездегі әр зиялы қауым біледі. Бейбіт түрде, ешқандай ішкі әскерді кіргізбей-ақ келісім арқылы, сөз жалғау арқылы шешуге болатын жағдай екендігі анық еді. Амал не? М.С. Горбачев өзінің төменгі деңгейін көрсетіп, дөрекілік пен тағылықтың үлгісін көрсетті. М.С. Горбачев жалғыз Алматыдағы қайғылы қақтығыс ғана емес, Балтық жағалауындағы елдердегі дүрбелең, Кавказдағы қақтығыс, Таулы Қарабахтағы қақтығыстарға тікелей жауап беретін елбасы болатын, бірақ осылардың бәріне жауап бермей, сытылып шығып, өз басының тақырындай тап-таза, момақан мырза болып өмір сүріп жатыр. «Қарғаны қарға көзге шұқымайды» дегені, тегі, рас болса керек.
         Қандай масқаралықпен, елден ұялмай, екінші рет Ресейдің президенті боламын деп сайлауға түсті, өз кандидатурасын ұсынды.
         Жауыз арсыз расында да билікке ұмтыла бере ме деймін, бұл тарихтың әлі жазылмаған заңы ма деймін?
         ХХ-шы ғасырдың аяғында зұлым басшы зұлымдығын дамыту үшін басшы бола бергісі келеді деп жас ұрпақтар жаза алады. Билік   зұлымдықты тудырады. Тарихтағы билікке отырғандардың барлығы осыны істейді, сенбесеңдер, тарихты ықылас қойып, ойланып оқыңдар, сонда кімнің кім екендігі анық белгілі болады.

Өкініш
         Маған бір өкініш көңіліме маза бермейді. Ол, ақын М.Шаханов жетекшілік еткен комиссия өз жұмысын соңына дейін жеткізбей тоқтатуы сенімімді сейілтеді. Тарихи болған оқиға, ақиқат анықталып, толық жазылса, халық құптаса жөн болар еді.
         Бұл уақиғаның әттеген-айы мен өкініші көп пе деймін.

Желтоқсан
         Желтоқсан уақиғасы Кеңес империясының Кремльдегі алтын тағына қазақтың кең сары даласынан атылған снарядтай болып тиіп, быт-шыт етті, сүйтіп, кеңестік орыстық сұрқия империя кейіннен ақырғы демін шығарды. «Аһ» деуге шамасы да келмей ыдырады.
         Қазақстан еркіндік алды, 1991 жылы Егеменді ел болды. Қазақтардың ғасырлық арманы орындалды, нұрлы күн, жарық түн, жұлдызды аспан жасыл түске бөленді.

Адамдар әлі тыртаңдауда
         Кеңестік тоталитарлық жүйеде үстемдік сатысында еңбек еткендер әлі де республикада түкірігі жерге түспей, қара дегені ақ, ақ дегені қара болып, дәуірі өзгеріссіз жүріп жатқаның көріп жүрміз. Елдің экономикасын, әл-ауқатын, қуатын төмендетіп жүргендер де солар, бұқара халық емес.
         «Сен әлі тыртаң-тыртаң етіп, еңбектеніп жүрсің бе?», - деп өзіме айтып, күлгендерді талай кездестірдім.
         Міне, тағдардың, яки, тәңірдің әділетсіздігі көрініп тұр, адал еңбек етіп, күн көргендер аш жүр десем, еш өтірігі жоқ. Бұл жерде ұлы Абай атамның мына даналық сөзі осы ойымның түйіндісі сияқты: «Арсыз болмай, атақ жоқ, алдамшы болмай, бақ қайда?». Қандай даналық көрегендікпен айтқан ұлы атамыз Абай!

....Тек малға жіберу керек
         Елу үшінші жылы тың және тыңайған жерлерді көтеру жылы. Бұл қазақтың табиғи қалыптасқан құнарлы, шұрайлы, малға жұғымды шөбі бар жайылымын жойып, жыртып, жерді шаң топыраққа айналатынын ойламай, тек орыстандыру ұрығын жерден бастаған керемет шебер миссионер Н.Хрущев еді. Ол орыс тарихында болмаған кемеңгер миссионер болды.
        Ол талай сөздерінде қазақ халқын  сөгіп, кемсітіп, олардың қолынан түк те келмейді, таяқ беріп малға жіберу керек, мал адамдары деген анықтама бергенін елдің бәрі естіген. Осы сөзді ту етіп ұстаған кейбір облыс, аудан басшылары жас қазақ ұл-қыздарын , он класс бітірген соң, қолдарына «шабанның таяғын» ұстатып, екі-үш жылға қой бағуға жіберді. Қандай масқара саясат, ұлтты төмендету, төменгі деңгейде ұстау. Бұл Н.С.Хрущев бастаған коммунисттік ОК «тың және тыңайған жерлерді игеруді» бетке ұстап, қазақ халқының түп-тамырына балта салып, жою әдісі еді.
         Бірақ, тарих ағымы оны жұлып әкетіп, миссионерлік ойы іске аспай қалды. Хрущев кетті,  жастардың таяқ ұстап, қойға баруы да өзінен өзі жойылды, себебі, ол біздің ар-намысымызға тиген саясат еді.
Сүйтіп, Н.С.Хрущев кетіп, қазақ елі біраз тыныс алды. Оның орнына Л.И.Брежнев келіп, онымен бірге «коммунизм» келді деп, халық айтып жүрді.

Тарих есігі
Шыншыл, әділ, іскер басшы ғана елді бірлікке, ынтымақтыққа бағыттай алады, ал атақ пен байлық, мансап пен дәреже құған басшының есімі үшін тарих есігі жабық.

Үстемдік.
                  Коммунистік қоғамда не үстемдік етеді?— деп сұрапты К. Маркстан.
Сонда К. Маркс:
                  Коммунистік қоғамда үстемдік ететін — азат еңбек,— деп жауап беріпті.

Бірлік
                Соғыс атаулының бәрін жою үшін керек? — леп сұрапты К. Маркстен.
               Бірлік, бірлік және бірлік,— деп жауап беріпті К.Маркс.

Не қымбат?
             Сіз үшін не қымбат?деп сұрапты К. Маркстен.
              Мен үшін қымбаттың қымбаты достық, сен үшін не қымбат екенін өзің айтарсың,деп жауап беріпті К. Маркс.

Әсерлеу
                 Сіз сөзіңізде әсерлеуді, бейнелеуді көп қолданасыз,— депті студент К. Маркске:
Сонда К. Маркс:
                 Әсерлеусіз тарих та жазылмайды, себебі онсыз ол өз дәуірінің түсі-түгін көрсете алмас еді,— депті.

Еске алу
И.Сталиннің мүсінің неге іліп қойғансың?
Оны көрген сайын жазықсыз қырылған адамдарды еске алу үшін.

Ессіздік
11.09.2001 ж  Америка халқының ұлттық трагедиясының қара күні. Дүние жүзі мемлекеттері бірігіп, мұндай сұмдық террористтердің әрекетіне қарсы тұрулары  керек. Мұндай қайғылы уақиға қайталанбайтындай етіп, түп тамырына балта шабу керек. Мынау деген шектен шығып кеткен ессіздік.

Комментариев нет:

Отправить комментарий