среда, 5 декабря 2012 г.

Қу түлкі


(ертегі)

Әже, ертегі айтып беріңізші! деді немересі.
Ертегі көп. «Қу түлкіні» айтайын ба, «Сұр көжекті» айтайын ба?
«Қу түлкіні» айтыңызшы.
Жә, онда тыңдай ғой, деп, әжесі ертегісін бастап кетті.
Көктемнен достасып жүрген: шаян, қарға, әтеш қыс қамына дайындалмақ болыпты. Ол үшеуі келісім бойынша қоңыр күзге дейін бірлесіп қыстық азық қорын жинамақшы болыпты. Күзде тең бөлісіп алуға  уәде байласады. Сөйтіп, уәдеге беріктіліктерін білдіру үшін шаян ұзын мұртымен жер сабалап, қарға мен әтеш тұмсықтарымен жер шоқыпты. Содан соң әрқайсысы өздерінше дыбыс шығарып қоштасыпты да, шаян суға сүңгіп, қарға көкке ұшып, әтеш жерде жүгіріп қала беріпті.
Жаз айы жылжып өте шықты. Жаңбырын жамылып, желін желпініп қоңыр күз де келіп жетті. Үш дос бас қосып, жинағандарын ортаға салып, тең бөлісуге кіріседі. Бірақ шаян уәдеге тұрмай, дауласыпты. «Менің жинағандарым сендердікінен көп, сондықтан жиналған азықтың үштен екісін алуым керек», депті. Оған қалған екеуі келісім бермей, осылай дау шешілмей жатқанда, бұлардың жанына қырдың қызыл түлкісі келеді.
О, достар! Отырыс қайырлы болсын! Сендерді де көретін күн болады екен? Мәжілістердің қайырлы болсын. Бұл не отырыс? деп мұртынан күліпті.
Сонда әтеш:
Мына үюлі тұрған үшеумізге ортақ азық, бірақ, біз тең бөлісе алмай отырмыз, сүйіктім, түкіш! Қандай ақыл-кеңес бересің?— депті.      
Түлкі көп ойланбай-ақ, нәзік үнмен сылқ-сылқ күліп:      
Тәйір, мұндай жүмысты жаңа атқарып жүргем жоқ, бөлу қиын емес. Менің айтқанымды орындаңдар...
О, тақсыр, Сіз не айтсаңыз, сол мақұл болсын, айтыңыз!деп қарға бар дауысымен қарқылдапты. Бірақ шаян түлкіге сеніңкіремей реніш білдіріп естірестілмес дыбыс шығарыпты.
Оны қу түлкі сезе қойып:
Ал, достар! Ерте күнді кеш етпеңдер, тыңдандар!депті мүләйімсіп.
               Орындаймыз, айтыңыз,— деп қарға мен әтеш жарыса сөйлеп кетіпті.
Тапсырма күрделі емес. Сен шаян суға сүңгіп, көк тастың астында тығылып жаткан қан мәлім балықты алып шығасың. Сен қарға, Айыртаудағы бүркіттің баласын әкелесің. Әтеш! Сен судан корқасың, көкке ұша алмайсың, сондықтан қызыл қырманнан тары әкелесің. Осы тапсырманы кім бұрын орындап келсе, сол бүкіл азықтың үштен екі бөлігін, екінші келгеніңе үштен бір бөлігін, үшінші келгеніңе үшеуіңнен кейінгі әкелгендеріңнің төрттен бір бөлігін өзім алып, қалған төрттен үш бөлігін үшке бөліп, бір бөлігін беремін. Бұдан артық әділ бөліс жоқ, бауырластар! Мен күзетте отыра тұрайын,депті.
Аңқау үш дос алды-артына қарамай,  қу түлкінің сөзіне иланып қалады да:
-                     Құп, тақсыр! – деп, тапсырманы орындауға кете барыпты.
Сүйтіп, шаян суға сүңгіп, құрулы торға ілініпті. Қарға бүркіттің баласын
аламын деп жүріп, жазым болыпты. Әтеш тарыны шашқан үшін күзеттегі қара тазының аузына ілініпті. Осыдан бері халық түлкіден айлалы қу аң жоқ дейтін болыпты, балам! – деп әжесі әңгімесін аяқтапты.
- Түлкі әлі қулығын қойған жоқ па, әже? – депті немересі.
- Түлкі қулығын қойса, ел аузында мұндай ертегі болмайды ғой, құлыным, -деп әжесі құшақтап, немересінің бетінен сүйді.

Комментариев нет:

Отправить комментарий