среда, 5 декабря 2012 г.

Ант


«Жақсы ай мен күндей
Әлемге бірдей»
         Совхоз кеңсесінің алдына көгілдір «Волга»  келіп тоқтай қалды. Онда аудандық партия комитетінің секретарі Секен Серікұлы еді. Оны совхоз директоры Берік Ағзамұлы қарсы алды. Аудан басшысы жай-жапсарды сұрай бастады.
         -Шаруашылық жақсы ма? Үй іштерің тегіс амандық па?
         -Бәрі жақсы, Секен Серікұлы.
         -Кешкі салтанатты мәжіліске дайын шығарсыңдар,- деді.
         -Дайынбыз, совхоздың мәдениет үйінде өткіземіз. Социалистік жарыста озып шыққандарға заттай сыйлықтар да беретін болдық.
         -Оларың дұрыс, әр еңбеккердің жемісті еңбегін дер кезінде бағалай білу керек,- деді Секен Серікұлы,- қазір бізбен жүріңіз, Беке, шопандар қыстақтарын аралап көріп шығайық, уақыт бар сияқты.
         Олар машинаға отырып, қыстақты аралауға жүріп кетті.
         -Беке, - деді әлден уақытта Секен Серікұлы, «Волга» ішіндегі тыныштықты бұзып, - Саған бір қоятын сауалым бар. Талай кездесіп жүріп, сұрауға реті келмепті-ау!
         - Иә, сұраңыз.
         - Сіздің үйдегі үлкен адам кімнің шешесі? Өзіңдікі ме, жоқ жұбайыңыздікі ме?
         Берік аз үнсіз отырды. Шылымын алып тұтатты. Көз алдына өткен күндер елестеп, темекісін сора беріп, ауыр бір күрсінді де:
         - Бұл сауалыңыз орынды да, керек те, айта берсем бір кітап болар... 1941 жыл еді, жасым 18-де, Отан қорғауға аттандым. Мен барлаушылар отрядына тап болдым. Сонда ең бірінші танысқан жауынгер досым орыс жігіті Алексей еді. Суреті қазір үйде сақтаулы. Екеуіміз қалай екенін білмеймін, ағалы-інілі адамдай жақындасып, тез түсінісіп кеттік. Бір үзім нанды бөліп жеп, бір темекіні бөліп тартып, Отанға деген ыстық сезімді, жауға деген өшпенділігімізді  де жүрекке тең бөлісіп алғандай сезістік.
         Бір күні барлауға барғанда мен оң аяғымнан жараландым, жүре алар емеспін. Сонда мені жау қолына түсірмей, арқалап әкелген Алексей. Оны қалай ұмытуға болады. Өлгенде жамбасымның шұңқырында кететін шын жақсылық сезімім.
         Аяғым жазылған соң, талай рет Алексеймен барлауға шығып, берілген тапсырманы ойдағыдай-ақ орындап жүрдік.  Талай рет фашист офицерлерін ұстап, «тіл» әкелген күндеріміз де болды.  Алексей екеуімізді жауынгерлер «сауыт киіп, қанат байлағандар» деп те қалжындап жүрді, өйткені ылғи сәттілік болып жүрді.
         Бір күні Алексейдің үйінен хат келді. Мен оны «билемесең - бермеймін» деп, кеудеме қолыммен мықтап қысып алдым. «Жалғыз мен емес, сен де билейсің», - деп, мені құшақтап, шыр айналдырып әкетті. Екеуіміз қалың қарға шомылып, түрегелдік. Хат жалғыз қалған анасынан екен. Оқып болып, үнсіз отырды да, «мама, мен өліп қалсам, қайда барасың!», - деп күрсінді.
         - Немене өлімді айтасың, ертең-ақ мамаңның жанына аман-сау барасың, - дедім. Сонда ол: «Боря! (мені солай атайтын) Жаман айтпай, жақсы жоқ. Менің анамның ешкімі жоқ», - деді. Екеуіміз де үнсіз қалдық. «Менің анам ол дүниеге ерте сапар шекті, әкем де солай »,- деп ішімнен айтып жатырмын. Ана, Отан! Ер жігіттің ең күшті, ең ыстық сезімі, қуанышы осылар-ау!
         - Боря! Менің саған айтар аманатым бар.
         - Айт!
         - Екеуіміз ант алысайық, егер сен тірі қалсаң, қай қайсымыз тірі қалсақ та, анамызды қолымызға алайық.
         - Қойшы, қайдағы жоқты айтпай! Екеуіміз де аман-сау әлі-ақ үйге қайтпаймыз ба?
         - Сен тыңда, шындықты айтып тұрмын, - деп көгілдір көзін тіге маған қарады. Мен тағы бірдене күткендей жым бола қалдым.
         - Келістік пе, Боря?
         - Келістік!
         - Әкел қолыңды, - деп мені құшақтай алды.
         Машина қыстаққа келіп тоқтады. Қыстақты аралап? Машина қайта отырғанда, Беке әңгімесін жалғастырды:
         - Содан Алексей анасына мен туралы, алысқан антымыз туралы ойланып толғанып хат жазды. Хаттың сонында мен қазақша «анамыз, біз жауды жеңудеміз, аман есен үйге барамыз, балаңыз Берік»,-  деп жаздым.
         Алексей екеуіміз үш жылдай бірге болдық, 1944 жылы жазда Батыс Украинаны фашисттерден азат ету ұрысында есіл ер Алексей қаза тапты. Басын сүйеп отырғанымда: «Боря! Мына хатты ал, сен тірі болуың керек, анамыз күтуде», - деп ақырғы сөзін зорға айтып, көз қозғалысын тоқтатты. Көзімнен жас моншақтап төгіліп, бауырым елжіреп, жауға деген өшпенділігім өршіп, тістене отырып, аманатын орындауға серт бердім. Алексейдің жарқын бейнесі көп уақыт көз алдымнан кетпей қойды, жетім қозыдай болып жалғыз қалдым, - деп, Берік орамал суырып, көзін сүртті, темекісін тұтатты.
         - Сабыр, сабыр Берік , - деді Секен Серікұлы...
         - Соғыс бітті. Елге келдім. Көзі ашық, коммунист деп, мені совхоз директоры етіп тағайындады. Күйзелген шаруашылық, жесір әйелдер, жылаған ана, ерлер жоқ, техника деген түске де кірмейді. Қазіргі мылтықпен салыстыруға бола ма? Шіркін, қазір Алексей бірге болса ғой!
        Көп жүрмей, жеңгең Раушанға үйлендім. Екі жұма өткен соң, анамызды іздеп барып, үйге әкелдік.  Мен де Алексей сияқты ол кісіні «Мама» деймін. Егер мен қызметтен кешіксем, келіні Раушанның есін шығарады. «Берік неге кешікті, тамағына неге келмеді, бар, кеңседен біліп кел», деп мазасызданады.
         Сөйтіп, Берік әңгімесін аяқтап еді, келесі қыстауға жетіп, көлік те тоқтады...

Комментариев нет:

Отправить комментарий