среда, 5 декабря 2012 г.

Қайсар Әрінтай



         Өткенде бір ақсақалдың айтқан әңгімесі ойымда қалыпты. Атын айтсам, Жарылғап ақсақал еді.
         - Біздің полкта Әрінтай дейтін барлаушы болды, соның өз көзіммен көрген ерлігін айтайын. Айтпақшы, ол екеуіміз бірге оқып, бірге соғысқа аттандық қой, - деп бастаған еді ол өз әңгімесін, - Ол өте өжет, күшіне ақылы сай, арыстандай айбатты, орта денелі, сабырлы, бауырмал болатын. Жолдас майдандастары Әрінтайды абзал қасиеттеріне орай «қайсар Әрінтай» деп атап кеткен.
         Бірде барлаушыларға көмекке барасыңдар деген бұйрық алдық. Бұл ұмытпасам 1943 жылдың күз айы болатын. Совет Армиясының тұтқиылдан жасаған шабуылына төтеп бере алмай, есі кеткен неміс әскерлері кейін шегінгенді. Олар қашып бара жатып та, жол-жөнекей кездескен елді мекендерді өртеп, қарттар мен бала-шағаларды айуандықпен азаптап өлтірді. Барлаушылардан бұрын неміс әскерлері ауылды өртеп, кетіп қалған екен. Біздің взвод жанып жатқан ауылдың үстінен шықты. Әжімді жүзік көзінің жасы жуған аяулы ана жанып жатқан үйді айнала жүгіріп жүр екен. «Немерем үйде қалып еді, құтқарыңдаршы!»,- деген ана дауысы сай-сүйегіңді сарқыратып, тұла бойыңды бір суытып, бір ысытады. Біз не істерімізді білмей, абыржып тұрып қалдық. Әлден уақытта шинеліне баланы орап, кеудесіне қапсыра қысып, қып қызыл өрт ішінен «қайсар Әрінтай» да шыға келді. Дәл осыны күткендей үйдің төбесі де жерге құлап түсті.
         Немересімен бірге тұрған ана қуанышы шексіз еді. Қуаныш жасын жұтқан ана қазақ жауынгерлеріне рахметін айтып жатыр..., құшақтап, беттерінен сүйіп жатыр!
         Бүгінгі бейбіт заманда Әрінтай сияқты ерлерді ешқашан ұмытуға болмайды, ұмыту мүмкін де емес. Олар ұрпақтан ұрпаққа тарап, ел аузында аңыз болмақшы,- деп, аға лейтенант О. Жарылғап өз әңгімесін аяқтады. 

Комментариев нет:

Отправить комментарий